Халық қаһарманы Қ.Қайсенов туралы фильм көрерменге жол тартты

 

30.04.2013

Жәудір Оразханова
 

 

Қасым Қайсеновтің соғыс жылдарындағы ерлігі Украинамен тығыз байланысты. Сондықтан 4 бөлімді фильмнің басым бөлігі дәл осы украин жерінде түсірілген. Тіпті сюжет барысында батырдың майданда жүріп көз алдына елестеген туған елі, яғни қазақы ауыл мен кең байтақ даламыз да «Аскания-Нова» қорығында қолдан жасалған екен. 

Сұрапыл соғыста жауды қарадай қалтыратқан Қасым Қайсенов туралы фильмнің түсірілімі аяқталды. Батыр бабамыздың қайсарлығы баяндалған 4 бөлімнен тұратын көркем туынды Қазақстан, Ресей мен Украинаның ортақ еңбегі. Фильмде атақты партизан Қайсеновтың қанды шайқастағы ерен ерлігі суреттелген және бұл сұрапыл соғыстағы қазақ батырларының жанқиярлық әрекетін баяндалған алғашқы әскери детектив болмақ.

Кинода негізінен Қайсенов басқарған «Чапаев» партизан отрядының Киевтегі немістердің ең үлкен мұнай қоймасын жарып жіберу туралы бұйрықты орындау кезіндегі ерлігі суреттеледі. Бұл - жау қолында қалған украин жерін азат еткен қазақ батырларының қайсарлығын көрсететін ең алғашқы көпсериялы көркем фильм болмақ.

Арман Шораев, «КТК» АҚ Бас директоры:

- Ішінде қызықты деректер бар. Мысалы, парашютпен секіріп, крестке ілініп қалған сынды. Бірақта тарихи оқиғалар дәл солай болсын деген мақсат қойған жоқпыз, біз көрерменді қызықтыру үшін жасадық. Өйткені, өздеріңіз білесіздер ол кісі жүзден астам ерлік жасаған. Онын бәрін көрсетсек 4 серия жетпес еді.

Қазақстан, Украина, Ресейдің телекомпаниялары жұмылдырылған жобаның режиссері ресейлік майталман Леонид Белозорович. Актерлердің де басым бөлігі шетелдіктер, түсіру тобының құрамында Қасымның бейнесін сомдаған жалғыз қазақ -  Қуандық Қыстықбаев қана. Көрерменге «Сардар», «Келін» фильмдері арқылы танылған әртіс 23-25 жас аралығындағы қайсар командирдің қару-жарақты қолдану шеберлігін суреттеу үшін арнайы әскери дайындықтан өтіпті.

Әлия Баймұхамедова, «Қасым» фильмінің атқарушы продюсері:

- Қуандық соғыс кезіндегі Қасымды сомдау үшін екі айдың ішінде 11 келі салмақ тастады. Тіпті қару-жарақты ұстап, оқ атуды үйренді. Ол түсіру алаңында әрі кетсе екі дубль жасап, өз шеберлігімен режиссерді таң қалдырды.

Ерлікті аңсаған ұрпақтың сүйікті кейіпкері, бабасының бойындағы батылдықты іздеген жас оқырманның таңдаулы жазушысы, тәуелсіз еліміздің ең алғашқы Халық Қаһарманы туралы фильмді даңқты батырдың ұрпақтары да жоғары бағалап отыр.

Ақбота Қайсенова, Қасым Қайсеновтің немересі:

- Атам өте алғыр болатын. Украинадағы шайқаста жан-жағына жас жігіттерді топтастырып, тиімді басқару үшін оған осы қасиеттері көмек болса керек. Фильмді балаларыммен бірге көріп шықтым, заман талабына сай түсірілген жоғары сапалы туынды екен. Атамның ерлігі мен өмірдегі адамгершілігі өте шебер сомдалған.

Ұлы Отан соғысының батыры, сол қанды шайқасты шынай суреттеген жазушы, Халық Қаһарманының ерлігі баяндалған көркем фильмді 7 мамырдан бастап отандық телеарналардан тамашалай аласыздар және бұл фильм Украина мен Беларусь жерінде де көрсетіледі.