Қасым Қайсенов… Қазақтың қаһарман Қасымы. Шырайлы Шығыстың Ұлан ауданында туып-өскен осынау қарапайым ғана қара бала ел басына күн туған шақта нағыз батырға лайық ерліктер жасап, халқымыздың маңдайына біткен, ғасырда бір туатын санаулы асылдардың біріне айналды.
Сонау сұрапыл жылдарда «Вася» деген атпен бүкіл Украинаны дүңкілдеткен, бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, естімеген алуан ұлттардың арасында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, бізге шекеден қарайтын үстем нәсілдердің алдында «біз – осындай халықпыз» деп батырлығын, адалдығын, әділдігін дәлелдей білген арқалы азаматымыздың аты бүгінде жарты әлемге әйгілі. Бала күнімізде Қаскеңнің «Жау тылында» атты кітабын таласа оқып, батыр атамызға еліктегеніміз, оның кейіпкерлерімен бірге жүріп, жеңістеріне сүйініп, қиындықтарына қабырғамыздың қайысқаны өмір бойы естен шығар ма? Әйгілі партизанның қарапайым да жатық тілмен жазылған шығармаларының қаншама жасөспірімнің көкейінде намыс отын тұтатып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелегені, ерлікке баулығаны даусыз ақиқат.
Ал белгілі жазушы Ахат Жақсыбаевпен бертінгі еркіндік кезеңінде кең отырып кеңесіп, ақтарыла шерткен сырынан туындаған «Қайтпас қайсар» атты кітапты байыптап оқып, анықтап көңіл қойған адамның осындай батыры бар елдің ұрпағы екендігіне тәубе айтып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Тұжыра айтқанда, Қасымдай қаһарманы бар елдің айбары да бар, айтары да бар!
Өз басым Қасым ағамызбен екі мәрте жолығып, әңгімесін тыңдадым, келбетіне жақыннан көз салдым. Бірінші кездесуіміз сонау жетпісінші жылдары болған-ды, нақ қай жылы екенін тап басып айта алмаймын. Ұмытпасам, Қойтас орта мектебінің төртінші-бесінші сыныбында оқып жүрген кезіміз, бір күні жұрт: «Қасым Қайсенов келеді екен, клубта кездесу болады екен», деп шу ете қалды. Ол кездің балалары бүгінгідей компьютердің алдында қалғып, «Терминаторды» тамашалап отырған сабаздар емес қой, бәріміздің Қаскеңнің «Жау тылында», «Переяслав партизандары», «Жау тылындағы бала» атты кітаптарын бас алмай оқып, «партизандық аурумен» ауырып жүрген кезіміз. Елден бұрын келіп, орын алдық та, неміс-фашистеріне қырғидай тиген батырдың сахнаға шығуын тағатсыздана тостық. Бір кезде сол уақыттарда аудандық мәдениет бөлімін басқарған Қабдолла Тұраров деген ағамыз көрініп, өзіне ілесе шыққан еңгезердей қара кісіге төрдегі үстелдің басынан орын ұсынды. Екеуінен басқа тағы бір бөтен адам болды, бірақ оның кім екені есімде жоқ. Бәріміздің көзіміз әлгі батыр тұлғалы қара кісіде. Қателеспеппіз, бір кезде Қабдолла ағамыз орнынан көтеріліп, арнайы келген қонақты таныстырғанда шағын клубқа лық тола жиналған ауыл тұрғындары шатырлата қол соқты.
Қасым аға сол жолы бір жарым-екі сағаттай сөйледі ғой деймін, әйтеуір оның «Жау тылында» атты кітабындағы біраз хикаяларды қайталап айтқаны есімде қалыпты. Бәрімізге таныс эпизодтардың автордың өз аузынан шыққанда құлпырып, өзгеше реңмен естілетінін сол жолы байқаған едім.
Ал екінші жолы батыр ағамызбен мол дастарқан басында кең отырып, түннің бір уағына дейін сұхбаттастық. Бұл 2002 жылдың қазан айы болатын. Әйгілі Көкжарлы Көкжал Барақ батырдың 300 жылдық мерейтойы ауданда кең көлемде мерекеленгенін жұрт ұмытқан жоқ. Күршім ауданының сол кездегі әкімі Қонысбай Төлеубеков бұл шараға қатты көңіл қойып, барынша мұқият дайындық жасағаны есімізде. Не нәрсеге де жетік, жан-жақты, сұңғыла азамат сол тойдың көңілдегідей болып өтуіне барын салды. Осынау тарихи маңызы бар әрі ел үшін, жұрт үшін айтулы сын болып табылатын дүбірлі мерекеге арнайы шақырылған сыйлы қонақтардың ішінде батыр партизан Қасым Қайсенов те бар болатын.
Той болған соң, оған осы өңірден шыққан белгілі, жағдайлы азаматтардың демеушілік жасайтыны мәлім жай, сондай демеушілердің бірі – Өскемендегі «Титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамының президенті Бағдат Шаяхметов тойға тарту ретінде бір «Волга» автокөлігін сыйлаған екен. Әппақ қардай сұлу автомобиль қараған көздің жауын алып, аудандық әкімдіктің алдында керіліп тұрды.
– Бағдат ағамыз бұл мәшинені аламан бәйгеге жүлде ретінде ұсынған екен, – деген еді Қонысбай Қойшыбайұлы аудан активімен өткен жиында. – Ат бәйгесіне тағайындаған жүлделеріміз жеткілікті, мен бұл «Волганы» сонау Алматыдан қартайса да сыр бермей, тойға ат арытып, арнайы келе жатқан батыр ағамызға мінгізгенді жөн көріп тұрмын.
Аудан әкімінің бұл сөзі көпшілік тарапынан қолдау тауып, әлгі «Волга» той үстінде Күршім ауданы тұрғындарының батыр партизанға жасаған сыйы ретінде көптің көзінше Қасым ақсақалға табыс етілді.
Осы тойдың қарсаңында дайындыққа атсалысып жүрген маған аудан әкімінің орынбасары Қали Мұсақановпен бірге барып, паром өткелінен Қасым Қайсеновті қарсы алу, сөйтіп, ол кісіні Күршімнің орталығынан арнайы даярланған үйге жеткізу тапсырылған болатын. Паром жағалауға тұмсық тіреген сәтте қалың техниканың арасынан қырға қайқаң етіп шығып, тежегішін басқан Қаскең мінген жеңіл көлікке шапшаң жеткен біз даңқты қонаққа шұрқырай сәлем бердік. Қарттың жанында хатшысы әрі сенімді серігі болып бірге жүрген белгілі суретші-карикатурашы Еркін Нұразханов ағамыз бұрыннан құдандалы, таныс азамат болатын. Ерекеңнің халық батырына ұшан-теңіз қызмет жасап жүргеніне осы кездесуде көзіміз жетті. Жанындағы баласы Ерсайын да зыр жүгіріп, сол бір ұмытылмас сәттерді бастан-аяқ бейнекамераға түсірумен болды. Су жағасындағы қарсы алу рәсімі аяқталған соң, үш-төрт көліктен құралған колонна аудан орталығын бетке алып, жүріп кеттік.
Құрметті қонақты күтуге сол кездегі Күршім ауылдық округінің әкімі Тоқан Әшімановтың үйі арнайы даярланған екен. Біз тура сол үйге атбасын тіредік. Әне-міне дегенше біршама адам жиналып қалды да, бәріміз дастарқан басынан орын алып, төрдегі Қасым ағаның аузына қарадық. Ол кісінің сексеннің төртеу-бесеуіне келіп қалған шағы ғой, әрі денсаулығы да біраз нашарлап, шаршаңқырап жүрген кезі, асты көп жей қойған жоқ. Коньяктан аздап қана ауыз тиді. Әжептәуір әңгімешіл адам екен, өткен-кеткен шақтардан естелік айтып, соғыста, кейінгі бейбіт кезеңде басынан кешкен қызықты оқиғаларды баяндап, жұртты күлдіріп отырды. Бәріміздің назарымыз Қаскеңнің қолындағы пошымы бөлек таяққа ауып отырғаны рас еді, бір кезде Қонысбай ағамыз сөздің бетін сол таяққа бұрды.
– О, бұл таяқтың тарихы тереңде жатыр, – деді Қаскең жымия күліп алып. – Мұны маған Рақымжан Қошқарбаев жасатып, сыйға тартқан. Мына жуандап келген тұсын көрдіңдер ғой, оның іші – менің «сусын» құйып алып жүретін ыдысым. Бұл ыдысқа тұп-тура бір бөтелке коньяк сыяды. Алматының көшесінде кездесіп қалғанда таныс-жақын азаматтар: «Қаске, андағының ішінде бірдеңе бар ма?», деп дәметіп жатады. Міне, қақпағы, ол да елу грамм сусын сыятын ыдыс. Әлгіндей азаматтарға коньяктан құйып, дәм татырамын. Ал босап қалғандай болса, оны әлгілердің өздері толтырып беріп кетеді.
– Қазір ше? – деді аудан әкімі тақымдап, – қазір бірдеңе бар ма?
– Әрине, – деп ақсақал таяқ-ыдысының қақпағын бұрай бастады. Әдейілеп толтыра құйып алған болса керек, коньягі дастарқан басындағы оннан артық адамға тегіс жетті. Бәрі жұтып салып, тамсанып отырған болатын. Бір кезде қарт батырдың көзі менің алдымдағы ішілмей тұрған рюмкаға түсті.
– Әй, сен неге ішпей отырсың? – деді ол маған қадала қарап.
– Аға, менің қан қысымым жоғары еді, ішімдік ішсем, ауырып қалатыным бар, – деп ақтала бастадым.
– А-а, солай ма, – деп ыңырана тіл қатты Қаскең, – сақтанып отырмын де. Ондайларды орыстар «шкурник» деп атайды…
Жұрт ду күлді. Мен ыңғайсызданып қалдым да:
– Жарайды, аға, – дедім жуып-шайып. – Атақты батырдың көңіліне дақ салғанша, ауырсам ауырып-ақ қалайын! – Осылай дедім де, әлгі бір жұтым коньякты ішіп қойдым. «Е, бәсе!»,– деп батыр ағамыз да көңілденіп қалғандай болды. Сол кезде Қонысбай Қойшыбайұлы: «Қасым аға, бұл балаңыз ақын, жазады, суырып салып та айта береді», – деп мені қолпаштап жіберді. Қаскең маған тағы көз тікті:
– Онда неғып тым-тырыс отырсың, көрсетпейсің бе өнеріңді?
Амал жоқ, ілулі тұрған домбыраға қол создым. Басында сәл қымсынғанмен, сан айтыста топ жарып, төселген қудың бірі емеспін бе, бүгінгі тойдың мәнін, осы отырыстың сәнін, батыр ағамыздың келгеніне қуанышты екенімізді өлеңге қосып, біраз жырды төгіп жібердім. Отырғандар дуылдатып қол соқты. Қаскеңе қарасам, ол да мәз болып, жымиып отыр екен.
– Әй, мынауың шын ақын ғой-ей, – деді бір кезде. – Рахмет, балам, рахмет пейіліңе! Мына сөзді естіп, көңілім шынымен көтеріліп қалды.
Сол кеште Қасым ағамыз Рақымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы туралы қызықты әңгімелерді ортаға салып, бізге белгісіз көптеген жайлардан мағлұмат берді. Қарт жауынгердің шерткен сырын қызыға тыңдай отырып, біздің қазақтың маңдайына біткен даңқты батырлардың арасындағы сыйластыққа шынымен тәнті болғанымыз рас.
– Мен Бауыржаннан 8 жас кішімін, – деді ол. – Ал Рақымжан менен 8 жас кіші. Баукеңді біз қатты сыйладық, ол кісінің алдында қай-қайсымыз да тік тұратынбыз.
Осылай дей келе, Қаскең батыр Бауыржан туралы мына бір әңгімені баяндап өтті:
– Баукеңнің мінезі шатақ, алдында отырғанда қай жағымнан соқтығар екен деп қыпылдап бітесің, – деген-ді сонда Қасым аға. – Соңғы алған жастау әйелі сол мінезіне шыдамай кетіп қалып, жағдайы болыңқырамай жүр деп естіген едік. Рақымжан екеуміз бір күні батырдың халін білмекке арнайы шыққан болатынбыз. Келсек, үшінші қабаттағы пәтерінде көк түтін ғып шылым тартып, жалғыз өзі отыр екен. Төсекте отыр, жалаңаяқ. Біздің берген сәлемімізді елең де қылған жоқ. Ақырын ғана келіп, асүйдегі үстелдің жанына тізе бүктік.
– Әй, – деді бір кезде Баукең зірк етіп. – Андағы үстелде жатқан қағаздарды көрдіңдер ме?
Үңіліп қарасам, тағайындалған әлдеқандай дәрілердің тізімі екен.
– Маған соны әкеліп беретін пенде жоқ, – деді ол тағы да.
– Бауке, біз көлікпен жүрміз, қазір әкеліп береміз, – деп шығуға оңтайлана бастаған едік, ағамыз бұрышта тұрған тоңазытқышты иегімен нұсқап:
– Анау да бос тұр, – деді сол қатқыл үнімен. – Қонақ келіп қалса, құятын бір шөлмек коньяк, асатын бір түйір қазы да жоқ.
– Жарайды, Бауке, бәрін де жеткіземіз, – деп біз асығыс шыға жөнелдік. Біраздан соң ағамыздың айтқандарын түгендеп әкеліп, орын-орнына жайғастырдық.
– Бір коньякты үстелге қой! – деді Баукең маған шаншыла қарап. Мен апарып қойдым.
– Құй, ішейік!
– Ойбай, Бауке, мен рулде жүрмін…
– Сен ше? – деді енді ол Рақымжанға қарап.
– Мен ішпеймін, Бауке, – деді анау сасып қалып. – Маған ішуге болмайды.
– Онда, кру-гом! – деді шалымыз әмірлі үнмен. Біз есікті көздедік. – Марш!
Екеуміз үйден сатыр-сұтыр шыға жөнелдік. Төменге түсіп алғаннан кейін бір-бірімізге қарап, жат та күл…
Мына әңгімені естігенде біз шынымен таң-тамаша болдық. Бауыржан батырдың қаһарлы адам болғаны, майданда да, бейбіт өмірде де албаты жанды бетіне қаратпай өткені жайлы көп оқыдық, естідік. Бірақ, Қаскең мен Рақымжан ағамыз сияқты хас батырлардың ол кісінің алдында әлгіндей халге түсуі адам сенгісіз оқиға сияқты болып естіледі екен. Әйтпесе, не жасыратыны бар, Қасым Қайсенов – Украинаның қалың орманында қалауынша қожалық етіп, қарсыласқан жауды қойдай қырған қатал командир. Рақымжан Қошқарбаев болса, адам деген шыбындай қырылып жатқанда бұршақтай бораған оқты елең қылмастан бұзып-жарып жол салып, Рейхстагқа ту тіккен көзсіз батыр. Осы екеуін жас баладай жүгіртіп қойған Бауыржан кім болды, сонда?
Бауыржан атамыздың өмірдегі, тарихтағы орны көпке белгілі. Ол кісінің нағыз батырға тән мінезі, білімділігі мен ақыл-парасаты туралы көп оқыдық. Ол кісінің соғыста жасаған ерлігі бір емес, бірнеше «Алтын Жұлдызға» татитыны да шындық. Өзімізден шыққан біреу емес, өзге ұлттың, үстем ұлттың өкілі ерлігін, көрегендігін шынымен мойындап, тамсана жазған «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») атты сүбелі туындыны оқып отырғанда ризалықтан, мақтаныштан көзіңе жас келетіні рас қой. Ал мына екі інісінің оның алдында құрдай жорғалап, қызмет етуі олардың Баукеңнен қорыққандары емес, әрине. Мұны өз басым от кешкен, қан кешкен батырлардың арасындағы сыйластық, жасы үлкен ағаның еркелігін көтере білген қос ардагердің парасаттылығы деп түйіндедім.
Той аяқталған соң: «Ал, жұртым, тағы да көрісуге, осындай тойларда кездесуге жазсын!», – деп қоштасқан батыр партизанды паром өткеліне дейін шығарып салып, жүзіп бара жатқан қайықтың соңынан біразға дейін көз салып тұрғанымызға да он жылдан астам уақыт өтіп кетіпті. Даңқты батыр, Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің фәниден озғанына да біршама уақыт болды. Бірақ, ол жайлы естеліктер, оның қаламынан туған шығармалар ешуақытта да ескірмейді, мәнін жоймайды. Сонымен бірге, сүйікті ұлына деген халқының шынайы махаббаты да мәңгі-бақи сөнбек емес.
Хасен ЗӘКӘРИЯ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы.