Долбар оймен дау көтерме, ағайын!
Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны, көзi тiрiсiнде аты аңызға айналған батыры, Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтiң өз шығармаларында және майдандас достарымен жолығысқанда оны “Вася” атандырғаны жайлы сан мәрте айтылды да, жазылды да. Ал Ж.Жолдыбаев, Ш. Ысқақова дегендердiң “Общественная позиция” газетiне (“Жас Алашта” келтiрiлген үзiндiлер арқылы бiлдiм, Е.Н.) Қасым ағаның көзi жұмылған соң (2006ж. 30 желтоқсанда қайтыс болды) олар ұйқыдан оянғандай “дядя Вася” ол емес, шын “дядя Вася” – Уәли Оразбаев деулерiне қайран қалдық. Бiрiншiден, Қасым Қайсеновтi өзi де, өзгелер де ешқашанда “дядя Вася” демеген, “Вася” деген. Өйткенi, партизандық соғысқа кiрген 23 жастағы жас жiгiттi кiм “дядя” дей қойсын. Екiншiден, марқұм Уәли Оразбаевтың “дядя Вася” атанғанына бiреу дау айтты ма? Тiптi, ол кiсi Украинада емес, Беларусь жерiнде партизан болған көрiнедi (Ғ. Қабышевтың сөзiне қарағанда). Бүкiл Кеңес Одағының партизан отрядтарында жалғыз Вася болды деген бiреу бар ма? Уәли аға да партизан болып соғысқан шығар. “Дядя Вася” болсын-ақ... Ал, Қасым Қайсеновтiң ерлiк жолдарын, оны қадiр тұтып, өле-өлгенше құрметтеп өтiскен партизан қаруластарын ойдан шығарылған деп кiм айта алады. Олай десе, дәлелдей қойсын. У.Оразбаевтың немересi Серiк Оразбаев Қ.Қайсеновтiң кiтаптарын оқымақ түгiлi көрмептi де. Сөйте тұра Қасым деген аттың “Вася” болуы мүмкiн емес, болса “Коля” болар едi дейтiн көрiнедi. Осындай долбар ойымен, дау айтпақшы. Ал, айтқыш болса осы уақытқа дейiн қайда жүрген?.. Қасым Қайсенов туралы соғыстан кейiнгi 65 жыл көлемiнде қаншама кiтаптар, мақалалар, естелiктер (көзi тiрi кезiнде де) жазылды!..
Украиндық қаруластарының Қасым ағаны өмiрiнiң соңына дейiн сыйлап, құрметтеулерiнiң бiр себебi: соғыс кезеңiндегi ерлiгi, адалдығы, әдiлдiгiмен қабат соғыстан кейiн жазған кiтаптарында тек қана шыңдықты баяндағаны үшiн де едi. Ойдан ештеңе қоспаған, қайта көп оқиғалар айтуға болмайтын (Қасым ағаның өз сөзi) құпиялар кiтаптарына кiрмей қалған. Қасым аға өзiн “Мен жазушы емеспiн, тек басымнан кешкендерiмдi баяндаушымын” дейтiн. Қасым Қайсеновтiң жасаған жорықтары мен ерлiктерi, ұйымдастырушы қабiлетi партизан қозғалысын зерттеушiлер мен бiрге соғысқан куәгерлердiң (соның бiрi – тарих ғылымының докторы, Кеңес одағының батыры А.В. Тканко) бұлжытпас баяндауларынан Украинаның тарихына өшпестей жазылғанын дәлелдеу артық шығар. Қасым ағаның 80 жылдығы қарсаңында режиссер-документалист Сағатбек Махмутовтың “Касым Кайсенов или просто Вася” деген 76 минуттық деректi фильмiнде қаһарманның өмiр жолына, соғыста жасаған ерлiктерiне тереңдей шолу жасайды. Қасым ағамен бiрге барып, Украинадағы партизан достарымен жолығысқанда, олардың оны “Вася”, “наш Касым” деп құшақтап сүйiскендерi, көздерiне жас ала өткен сұрапыл жылдарда жоғалтқан достарын еске алысқандары көз алдымыздан өтедi. Әсiресе, украиндық журналист В.Соколовтың 20 жыл зерттеп, Қасым аға басқарған 120 партизанның Букрин плацдармын алып, совет әскерлерiнiң Днепрден өтулерiне үлкен мүмкiндiк жасаған ерлiктерiн дәлелдегенi айтылады. Кезiнде ол оқиғаны Қайсеновтiң отрядын түгел өлдiге санап, әскери кеңестiң мүшесi Н.Хрущевқа А.Тканко қасына Р.Клейндi ертiп барып, плацдармды алған менiң отрядым деп екеуi Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. А. В. Тканконың өзi де камераның алдында: “...иә, Днепрден алғаш өтiп, Букрин плацдармын алған, оны совет әскерi өткенше ұстап, жанқиярлықпен соғысқан – Қасым Қайсеновтiң отряды едi, – деп мойындайды.
Қасым аға Тканконның сол опасыздығын кешiрiп, ол Алматыға келгенде оны құрметтеп күтiп, қонақ етедi. Кейiн өле-өлгенше хат алысып тұрды. Менде Тканконың Қасым ағаны 2003 жылғы жаңа жылмен құттықтаған ашық хатының көшiрмесi бар. Сол хатын Тканко “Вася” деп бастап, “Касым” деп аяқтайды. Хаттың көшiрмесiн газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдiм. Яғни, бұл екi есiм майдандастары үшiн егiз ұғым болып қалған.
Қасым ағадан «А.Тканко – көп ерлiктер жасаған батыр, өте шебер басшы, бiлiмдi адам», деген пiкiрiн талай естiгенмiн. Ал немiс ұлтының өкiлi, бұрынғы партизан барлаушысы Роберт Клейн Алматыға арнайы келiп, Қасым ағаны iздеп тауып, кезiнде Тканкоға ерiп қиянатқа барғанын айтып жылағанын Қасым аға әңгiмелеп берген.
“Вася” есiмi Қасым ағаға қалай келдi дегенде, Ғаббас ағаның мақаласында “Қаһарман Қ.Қайсенов украиндықтарға өзiн “Мен – Васямын” деп таныстырмаған, олай атап жiберген кiсi – оның партизан досы Крячек. Аңқылдап сөйлейтiн ақкөңiл қушыкеш кiсi едi. Қасым атты қазақты неге “Вася” деген себебiн бiлмеймiн, сұрамаппын” дейдi.
Ал мен, Қасым ағаның 85 жасқа толу құрметiне алған сұхбатымда,(“Қазақ әдебиетi” 25.04. 2003 ж.№17) осы есiмiнiң сырын бiлгiм келiп: – Аға, Сiздi партизандар қауымы және өзiңiз азат етiскен Украина “Вася” дейдi. Осы бүркеншiк есiмдi қалай алып едiңiз? Бiр әңгiмеңiзден Сiздiң бала кезiңiзде әкеңiздiң Василий деген дос-тамыры болғандығын, сол есiмдi өзiңiз ұнатқаныңыз жөнiнде естiп едiм, – деген сұрағыма:
– А-а, иә, бұл “Васяны” да оларға айтқан өзiм. Ол былай болды. Бiздiң жақта бiр ауыл – қазақ, бiр ауыл – орыс. Орыс ауылында әкемнiң Василий деген досы бар едi. Ол кезде бiз кiре тартамыз. Сол кiре тасып келе жатып орыс селосына соғамыз. Бiздi Вася үйiне қондырып, күтедi. Сондай дәм-тұзымыз жарасқан жақсы адам едi. Ал жау тылына жiберерде бiздiң қолымызға жалған документ берген. Менiң ол құжатымдағы аты-жөнiм – Булатов Василий Михайлович. Жау тылында осы документпен жүрдiм. Немiстердiң қолына түсiп қалған жағдайда сол құжатымды көрсетемiн. Содан “Вася” атанып кеттiм, – деп жауап берген едi.
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, өзi де майдангер Мұзафар Әлiмбаевтың “Хас батыр Қасым Қайсенов” деген эссе кiтапшасы (ҚазССР “Бiлiм қоғамы”, 1981, Алматы) былайша басталады:
... Әскерде Василий Дудченко деген украин жiгiтi менiмен бiрге болды. Аға лейтенант. Соғысқа дейiн ас-тамақ Академиясын бiтiрген. Бiлiмдар. Ойшыл. Бауырмал. Сол Василий 1944 жылы елiне сұранып барып келдi. Бас-аяғы бiр аптада оралды. Өзi Киев облысынiкi болатын. Ұмытпасам, Киев маңынан. Дудченко сол жолы естiп-бiлгенiн, өз көзiмен көргенiн талай күндер жыр ғып айтып жүрдi. Озбыр жаудың басып алған аудандардағы бiздiң бейбiт совет адамдарына жасаған айуандығын қайта-қайта айтатын. Ондайды қиялшылдардың өздерi де ойлап таппастай, кiлең жауыздық... Қырғын жыртқыштық.
Бұны естiгенде бiздiң төбе-құйқамыз шымырлайтын. Досым сол әңгiмелердiң бiрiнде:
– Айтқандайын, бiздiң Днепр жағасында сенiң бiр туысың-жерлесiң фашистердiң төбесiнен жай ойнатып, нешеме жыл ойранын шығарыпты. Партизан! Партизан болғанда үлкен отряд бастығы. Менiң жерлестерiм фамилиясын бiлмейдi. Аты – Вася.
– Қой, ағай, Вася деген қазақ болушы ма едi! Өзiңнiң атың Василий болған соң, барлық батырдың аты “Вася” болсын дейсiң-ау, ә?
– Әзiлдi қоя тұр. Бұл – ақиқат. Анық батыр кiсi. Аман-есен Қазақстанға қайтыпты. Сен елге барған соң, оны iздеп тауып ал, – деп едi.
Сол тосын әңгiмелер есiмнен тарс шығып-ақ кеткендей екен. Бiрақ тiрлiк соларға қайта оралтты. Орайымен өзi оралды...
1948 жылы мен де Армия қатарынан босанып, Алматыға келдiм. Анау әңгiме де онша жадымда қалмапты. Ұмытпаған күннiң өзiңде де қай қазақты түгендеп, Украинада аты шыққан Вася екенiн қалай анықтай аларсың.
1950 жылдардың бiрi. Жаз. Бiр күнi Алматыдағы Фурманов көшесi мен Комсомол көшесi қиылысында өзiм соғыстан бұрын танысқан ақын Жұмағали Саин қарсы жолықты. Амандық-есендiктен соң:
– Қайда беттедiңiз? – деп сұрадым.
– Мына журналдың редакциясына, – деп Жұмакең иегiмен нұсқады. Партизан досым бар сонда. Вася... ой құдай-ай, қайдағы Васясы аузыма түсiп жатыр, әйтпесе шын аты – Қасым ... Қайсенов.
– Вася!
Менiң көзiм шарадай болса керек.
Ақын ағай:
– Оны сен де бiлесiң бе? – деп маған бетiн бұрды. Қайсенов деген фамилияға елең ете қалдым, деп – Мұз-аға Қасым аға туралы сыр шертедi...
Өзi де майдангер, ақын Михаил Чистяков 1976 жылы жазған “Степной сокол” атты поэмасын: В 1942 году после специальной подготовки Касым Кайсенов был заброшен в тыл врага. Это было на Украине. Он командовал партизанским отрядом в Приднепровье, Закарпатье.
– После войны Касым Кайсенов становится писателем. Он пишет книги о своих боевых товарищах, об их беспримерных подвигах, достойных легенд и сказов.
На берегу Днепра
Захлестнуло глаза просторами,
Широченным раздольем вод,
Тополями,
Дворцами, соборами,
Уходящими в небосвод.
Солнце щедро плеснуло краски
В синеву молодого дня.
- Здравствуй, любый Днипро мой,
Здравствуй!
Это я.
Узнаешь меня?
Помнишь:
Рейды,
Плоты,
Баркасы,
Рощи, нивы
В огне, в пальбе...
Это я, партизан твой Вася,
Поклониться пришел к тебе, – деп бастап, жырлайды...
Мiне, Ғаббас ағаның мақаласын шамалы толықтырғым келедi дегенiм осылар едi.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейiн де Украина үкiметi Қасым Қайсеновтi өзiнiң үш дәрежелi ең жоғары наградасы “За заслуги” орденiнiң 3-дәрежесiмен 1998 жылы, 2-дәрежесiмен 2003 жылы марапаттаған едi. Көзi тiрi болғанда 90 жылдығының құрметiне 2008 жылы 1-дәрежесiн алып қалар ма едi, кiм бiлсiн. Өйткенi, әр дәреженiң арасында 5 жыл өту керек деген шарты бар көрiнедi. Ал үш дәрежесiн толық алған иегер Украина батырына саналады екен.
Иә, Қасым ағаны Украина халқы мен үкiметi онсыз да өз елiнiң батыры деп құрметтеген. Жыл сайын Қазақстандағы Украина елшiлiгi әр мереке сайын қаһарман ағамызды құттықтауды естен шығармайтын. Ал Уәли Оразбаевтың атын шығарамыз деп Қасым ағаның аруағына шет болғысы келгендердiң тыраштанған әрекеттерiне налымасқа шара жоқ.
Еркiн НҰРАЗХАН,
Қ.Қайсеновтiң бұрынғы жеке хатшысы