Қазақтың қас батыры

 

Дата: 23.04.2013 в 16:34 · Категория: Қазақша жаңалықтар

Өр мінез, батырлық пен батылдық, қайсарлық - қазақтың қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде бүкіл Одақ жұртшылығымен бірге қазақ халқы да жұдырықтай жұмылып, қан майданға аттанды. Бүкіл қажыр-қайратын жеңіс жолына сарп етті, тіпті өз өмірлерін қиды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың қас батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, жазушы-партизан Қасым Қайсеновтің туғанына бүгін 95 жыл толып отыр.

 

Өмір өткелдері

Қасым Қайсенов 1918 жылдың 23 сәуі­рін­де Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауда­нында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қала­сын­дағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыс­тық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұс­қау­шысы болып жүргенде әскер қата­рына шақырылып, әскери-барлау мекте­біне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі бар­лаушылар мектебінде оқиды, іле-шала жау қолында қалған Украина жеріне ат­тан­дырылады. Жау жайлаған елге ұшақ­пен келіп түскен сәттен бастап, Қасым аға­ның партизандық өмірі басталады.

Майданда «партизан Вася» атанды

1941 жылы Қасым Қайсенов Украина же­рінде партизан отрядын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атын­да­ғы партизан құрамасының үшінші отря­дын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украинаның За­кар­патье, Чехословакия, Румыния жерін­дегі партизан қозғалыстарына қатысады. Отряд командирі болып жүріп, жау ты­лын­да жүздеген жорықты басынан өткереді. 1944 жылы Украинаның Закарпат, Кар­пат­ты азат етуге қатысқан. Ол Киев және Пол­тава облыстарындағы партизандар қоз­ғалысын алғаш рет ұйымдастырушы­лар­дың бірі ретінде тарихта қалды. Парти­зан­дардың қалың қолын басқара отырып, жау тылында жүздеген жорықты басынан өткеріп, фашистерді сан рет тізе бүктірді. Майдан даласында украин жауынгерлері Қасым ағаны бауырларындай көріп, өз аттарымен «Вася» деп атапты. Қасым аға бір естелігінде «Украина - менің екінші Ота­ным. Украиндіктер - мәңгі ұмытылмас бауырларым. Осылай ұлы украин халқын шексіз сүйіп, бауыр басып кеткен адам­мын. Әлі де шығатын, жазбақ кітаптарым да сол Украина жеріндегі жойқын айқасқа арналған. Сол үшін де өзімді украин жазу­шы­ларының бірімін деп есептеймін. Өзімді украин жазушыларының осындағы елші­сін­дей сезінемін», - деген екен.

Бейбіт өмірдегі ерлігі

Қан майданда етігімен су кешкен Қасым аға­ға бейбіт өмірге бейімделу оңай­ға түс­кен жоқ. Осы ретте ағалық ақы­лын, қам­қорлығын көрсеткен Жұмағали Саин болды. Қасым аға Сәбит Мұқанов, Бауыр­жан Момышұлы, Рақымжан Қош­қар­баев, Мұқан Иманжанов, Мәлік Ғабду­лин, Әди Шәріпов, Ғабит Мүсірепов, Қасым Аман­жолов сынды қазақ зиялы­ла­ры­мен жақсы қарым-қатынаста болған. Май­даннан оралғаннан кейін аз уақыт Қа­зақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының ап­паратында қызмет атқарған. 1945 жыл­дың орта шенінде партия қатарына алы­нып, білімін жетілдіру үшін Лениндік курс­тың совет бөлімінде оқыған. 1945-70 жыл­дары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, Жам­был об­лысындағы Жуалы және Сверд­лов аудан­дарының атқару комитет­те­рінде төр­а­ға орынбасары ретінде соғыс­тан ке­йін­гі ауыл шаруашылығын қалпына кел­тіру науқанына белсене араласқан, 1953-­1970 жылдар аралығында Қазақ­стан Жазушылар одағында және «Жазу­шы», «Қай­нар» бас­па­ларында қызмет істе­ген.

Қос қарудың иесі

Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым аға өзінің партизандық жорықтары туралы жазуға бекінеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жа­уын­гер­лердің өшпес ерліктері жайында қа­лам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл ор­ай­дағы шы­ғармалары қазақ әдебиетінің әскери тақы­рыбын байытты. Қасым аға­ның «Жас партизандар» атты алғашқы кіта­бы 1954 жылы орыс тілінде жарық көре­ді. Одан кейінгі кездерде «Илько Вит­ряк», «Пе­реяс­лав партизандары», «Ажал аузы­нан», «Жау тылындағы бала», «Дне­пр­де», «Жау тылында», «Пар­тизан соқ­пақ­тары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, по­весть жи­нақтары оқырман қолы­на тиді жә­не артынша орыс, украин, қыр­ғыз, вьет­нам тіл­деріне аударылды. Кейін­нен «Елім­нің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жаз­балар» кітаптары жарық көрді. Жалпы, Қа­сым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды. Қаһарман жазушы жайын­да 150 ақын-жазушы поэма, естелік жазып­ты және ол туралы екі деректі кино түсірілген.

Қазақтың біртуар перзенті Қасым Қай­сенов ерлік пен батылдықтың символы іс­петтес. Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қос­қан батыр ағамыздың өмір өткелі, көр­ген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық.

Жансая РАХИМОВА