Көзкөрген
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ, Қазақстанның Халық жазушысы:
Қарағайға қарсы біткен бұтақтай еді...
- Ол біздің қанды қасаптан оралмай қалған мыңдаған ағаларымыз бен әкелеріміздің ақырғы көзіндей еді. Оған қарап, опат болған сол бір ержүрек ұрпақтың келбеті мен қасиетін көргендей болушы едік. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар мінезіне әрі сүйсінуші едік, әрі именуші едік. Сүйсінетініміз - оның бір басына ғана емес, окоп түбінде ойрандалып қалған мыңдаған замандастарының бәріне де тән сол бір қайтпас қайсарлықтың арқасында аман қалып, адыра шаңырақтарды қайтадан қатарға қосу үшін алға тырмысып, азамат болдық. Қаймығатынымыз - ортамызда тірі жүрген оны ренжітсек, опат болған қаһарман ұрпақтың бәрін ренжітетіндей көруші едік. Бірақ Қасекең тас түйін қайсарлығын сонау Карпат ормандарында қалдырғандай, қайсымызбен де: «Айналайын, амансың ба?» деп жайма-шуақ амандасатын. Күркірей шыққан жуан дауысы құлағымызға майдай жағушы еді... Ол дүниеден өткенше кешегі күркіреген II дүниежүзілік соғыстың жауынгері болып қала білді. Украинада жау басып алып, тірідей шерменде болып отырған қауымға Жаратушының өзі аяқ астынан жіберген ақ қанат періштедей көрінген құтқарушылық панагөйлігін Қазақстанға қайта оралған соң қара қағаздардан еңсесі түскен қайғылы қауымның қайта тыңайып, қайта еңсе көтеруі жолындағы қалтқысыз еңбекке арнады. Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де Тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, Халық Қаһарманы құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгіл, бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді.
"Алаш айнасы" газеті